Түркістан облысында зейнеткер қоянның еуропалық тұқымын өсіріп отыр
Бәйдібек ауданы Боралдай ауылының тұрғыны Шарипа Әбдіжаппарқызы алғашында бұл кәсіппен ермек үшін айналысқанын айтады. Табысы мол екенін түсінген соң, өткен жылы «Бастау бизнес» бағдарламасына қатысып, грант ұтып алған. Қазір қоянның еуропалық бірнеше тұқымын өсіріп отыр.
Шарипа Әбдіжаппарқызының таңертеңгі жұмысы осы қояндарына жем берумен басаталады. «Бұлар да бала сияқты. Бағып-қағып, еркелеткенді жақсы көреді», – дейді зейнеткер. Қоян өсіру бір жағынан кәсіп болғанымен, екінші жағынан миыңды сергітіп, жан-дүниеңді тыныштандыратынын айтады. Осыдан үш жыл бұрын үш көжек сатып алып, өз кәсібін бастаған Шарипа апа қазір қоянның «Калифорния», «Пландр» және «Француз қойы» деп аталатын ерекше тұқымдарын өсіріп отыр. Оның барлығына қарау Шарипа апайға оңай соқпапты. Сосын шетінен сатып, санын азайтқан. Етінің әр келісін 3 мың теңгеден өткізгенін айтады. Қазір мұнда 50 бас қоян бар. «Француз қой» мен «Калифорния» тұқымы 10 келіге дейін ет береді. «Табиғи таза өнімге сұраныс та көп», – дейді зейнеткер.
Шарипа Әбдіжаппарқызы, Боралдай ауылының тұрғыны:
- Сатып алушылар Алматыдан, Жезқазғаннан шықты. Леңгірге өткіземіз. Жан-жақтан шығып, ақшаның дәмін біліп, басқа тұқымдарын ала бастадық. Біріншіден, бұлар – диеталық тағам. Екіншіден, еті тез сіңімді. Етінде иіс болмайды. Аллергияға өте пайдалы екен.
Қояндар жылына 4-5 рет орташа есеппен әр аналық 6-дан 12-ге дейін көжектейді. Сондықтан тез көбейетін жануардың жылдап пайда әкелетіні де заңдылық. Шарипа Әбдіжаппарқызы өткен жылы 583 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болған. Оған сүтті бағыттағы оншақты ешкі сатып, кәсібін кеңейтпек ниетте. Биыл Түркістан облысында жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 2765 азаматқа гарнат беру жоспарланып отыр.
Махамбет Абдулла, облыстық Жұмыспен қамту басқармасының бас маманы:
- Үш лекпен беру жоспарланған. Біріншісі 2022 жылдың сәуір айында берілді. Ол кезде 300 адамға жоспарланып, барлығына грант берілді. Ал екінші кезең 8 тамыздан бастап берілмек. Өтінімдер қабылданып жатыр.
Айта кетейік, өткен жылы кәсіпкерлікті дамытамын деген 4115 адам 583 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант алды. Оның ішінде 146-сы – мүгедектігі бар азаматтар.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов