Алматыда сарапшылар Президент Жолдауында айтылған мәселелерді талқылады
Алматыдағы Философия, саясаттану және дінтану институты Қазақстанның тұрақты дамуына қатысты ғылыми-тәжірибелік және әлеуметтік зерттеулер жасауға әзір. Осыған орай сарапшылар мен ғалымдар Жолдауда айтылған мәселелерді талқылап, дөңгелек үстел басына жиналды. Шараны институтпен бірге, Алматы әкімдігі мен «Ашық әлем» қоғамдық қоры бірлесіп өткізді.
Мемлекеттің дамуы, этносаралық қарым-қатынас және салыстырмалы саясаттану. Философия, саясаттану және дінтану институты осы бағыттар бойынша зерттеулер жүргізеді. Жолдауда бұл тақырыптар да қамтылды.
Айдар Әміребаев Философия, дінтану және саясаттану институты саяси зерттеулер орталығының басшысы:
-Қазақстанның мүмкіншілігі, мысалы, өз-өзін қорғау, қауіпсіздікті қалай қалыптастыру, жалпы экономикалық жағдайды үйлестіру, жақсарту халықтың жалпы тұрмысын жетілдіру секілді үлкен мәселелер қойды. Біз бұл мәселелерді жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттемекшіміз.
Иә, сарапшылар саяси реформаны жүзеге асыру жолдарын тереңірек қарастырмақ. Бүгінгі жағдайымызды ғана зерттеп қана қоймай, болашақта Қазақстанның қай бағытта дамитынына болжам жасайды. Әсіресе, олар Жолдаудағы ел болашағына арналған инвестиция көптің көңілінен шыққанын айтады.
Рүстем Қадыржанов, философия ғылымдарының докторы:
-Жолдауда адами капитал туралы жақсы айтылды. Әрине әрбір мемлекеттің басты байлығы – оның халқы. Президент білім беру, оның ішінде кешенді білім беруге қатысты тапсырмалар берді. Біз өз ғылыми еңбектерімізде Жолдауда көтерілген мәселелерді зерделеп, тиісті орындарға ұсыныс пікірлерімізді жеткізіп жол сілтейтін боламыз.
Мемлекет басшысы атап өткендей жаһандық үдерістер мен ел ішіндегі қоғамдық дамудың қарқыны күн өткен сайын артып келеді. Саяси модернизацияның ерекшеліктері қандай? Ол қазақ халқына қалай әсер етпек? Сарапшылар осының барлығын бағамдап, жүзеге асыруға өз үлестерін қосатын болады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов