Ақтөбе облысында ежелгі «Жармола» жәрмеңкесі жанданады
Тарихи жәрмеңкенің 152 жылдығына орай өткен айтулы шарада осындай бастама көтерілді. Оған басқа да облыстардан меймандар қатысты.
«Жармола» жәрмеңкесі театрландырылған қойылым мен ұлттық салт-дәстүр және ойын түрлері дәріптелген көрініспен бастады. Себебі 19 ғасырда жұмыс істеген сауда орталығы дәл осындай кейіпте болған. Жәрмеңке сол дәуірдегі империя құрамына кірген Орта Азия және Ресейден өзге, алыс-жақын елдердің саудасын қыздырғаны туралы тарихи деректер де бар. Тек 1904 жылы ондағы жайма дүкендерінің саны 220-дан асып, тауарлардың түрлері көбейіпті.
Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:
-Осындай Жармола сияқты үлкен жәрмеңкенің жай сауда-саттықтың орны ғана емес, халықтың басын қосатын, ел мен елді қосатын орын болғаны да белгілі. Енді бұл біздің еліміздегі туризмді дамытатындай жағдаймен жалғастыру керек қой деп ойлаймыз.
Жәрмеңке 1870-1925 жылдар аралығында жұмыс істеген. Сол кезеңде ел аумағында және Мәскеу, Орынбор, Жаманқала, Бұқара, Хиуада жұмыс істеген сауда орталықтарымен байланысы тұрақты өрбіп, мұнда талай ақын-жыраулардың өнері дәріптелді, ат жарыс өтті. Бұл жолғы аламан бәйге де 35 шабандоздың басын қосып, жеңімпазға бас жүлде көлік табысталды. Тарихшылар жәрмеңкенің нәтижесінде Ырғыз өлкесінде жүн мен тері, май өңдейтін шағын цехтар да пайда болғанын айтады.
Бекарыстан Мырзабай, өлкетанушы:
-Тері зауытынан шыққан тері 5-6 жылдың ішінде Америкаға дейін жетті. Ал жүні Германияға дейін жеткен. Бұл жәрмеңкеге іле-шала Темірдегі «Қарақамыс», Ойылдағы "Көкжар", Ақтөбедегі "Ақтөбе" жәрмеңкелері ашылды.
Енді тарихта қалған жәрмеңкені қайта жаңғырту көзделіп отыр. Ол үшін іс-шаралар жоспары әзірленіп жатыр.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков