Елімізде үздік дәрігерлеріне сыйақы тағайындалады
Бұл ретте 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем ұсынылып отыр. Сондай-ақ саладағы «Үздік маман» атты республикалық конкурстың 17 жеңімпазына 500 айлық есептік көрсеткіш беріледі. Сонымен қатар ақ халаттылардың кәсіптік жауапкершілігін арттыру мәселесі де қарастырылмақ. Ол бойынша міндетті сақтандыру жүйесі енгізіледі. 2023 жылдан бастап сақтандыру жұмыс берушінің есебінен жүзеге асырылады. Ал 2025 жылдан бастап сақтандыру сыйақысының сомасы медициналық ұйым мен медицина қызметкерлерінің арасында бөлінетін болады.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесін елімізде кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – жаңа реформа. Реформа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының халықаралық аренадағы жақсы рейтингіне ықпал етеді.