Қазақстанда машина жасау көлемі биыл тағы 20% артты
Саланы дамыту қолға алынғалы өндіріс көлемі 6 есеге өсіпті. Ішкі нарықты қамтумен қатар қазір өнімді экспортқа шығару бір жолға қойылған. Сыртқа 2 млрд доллардың тауары сатылыпты. Мамандардың айтуынша, негізі әлеуетіміз бұданда жоғары. Жиында мемлекет пен бизнес өкілдері осы саланы дамытудың тың тәсілдерін табу бойынша пікір алысып, бірқатар ұсыныстарды ортаға салды.
Астанада машина жасау және металл өңдеушілердің халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Атауына сай ұсынылған өнімнің түрі де сан алуан. Дайын көліктен бастап олардың бөлшектерін жасауға арналған қондырғылар, 3D принтер, лазерлік станоктар ұсынылған. Робототехника, химия өнеркәсібі, құрылыс индустриясындағы соңғы жетістіктерді де осы жерден көруге болады. Тау-кен, су мен жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу саласындағы компаниялар өз өнімдерін ұсынып жатыр.
Ерлан Есімов, көрме жетекшісі:
-Шараға 17 елдің 242 компаниясы өз өнімдері мен технологияларын алып келді. Алаң отандық және шетелдік өндірушілер арасында әріптестікті дамытуға арналған. Әркім өзі қалаған өнім бойынша осындағы мамандармен кездесіп кеңесуіне, келіссөз жасауына болады. Көрмеге қазірге дейін 4 мыңнан астам адам келді. Оның жұмысы ертеңде жалғасады.