Мемлекет басшысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады
Дархан Сатыбалдының айтуынша, жалпы өңірлік өнеркәсіп өнімінің көлемі - 534 млрд теңгеге жетті. Облыста жалпы құны 12,7 млрд теңгеге тең келетін 26 инвестициялық жоба іске қосылып, 936 жұмыс орны ашылған. Ауыл шаруашылығы саласында 477 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Сондай-ақ жыл басынан бері 486 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін жалпы 85 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Облыс әкімі бюджет есебінен 59 мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанын, нәтижесінде биыл 4 апатты және 2 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілетінін баяндады. Бұдан бөлек жеке инвесторлар 13 мектепті пайдалануға берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысында қолға алынған жобаларды жалғастыруды және халықпен тығыз жұмыс істеу мәселесін күшейтуді тапсырды.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:
-Бірінші кезекте Түркістан облысында 80 процент халық ауылды жерде тұрғаннан кейін ауылды жерге көбірек көңіл бөлуге және су мәселесі бойынша нақты тарсырмалар берді.