Хабар телеарнасы

Қостанай облысында ағаш көшеттер жетіспейді

Биыл белгіленген меженің 70% ғана орындалды. Жоспар бойынша бес жылдың ішінде 160 миллионнан астам жас ағаш отырғызу көзделген. Ал өңірдегі тұқымбақтар қажетті көлеммен қамтамасыз етуге қауқарсыз. Сондықтан көшеттер басқа өңірлерден тасымалданып жатыр. Мамандардың айтуынша, мәселені шешу үшін тұқымбақтарды кеңейту қажет. Ол үшін Әулиекөл ауданында жанып кеткен орман алқаптарын қалпына келтіруге Араб Әмірліктері бөлген миллион доллар қаржының бір бөлігін осы мақсатқа жұмсауды жоспарлап отыр.

Гүлжанат Керібаева, Қостанай облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
-Қаржы еліміздің биологиялық алуан түрлілікті сақтау қорына түсті. Енді ол ақшаны екі тұқымбақты кеңейтуге пайдалану жағын қарастырып жатырмыз. Мақсатымыз өсірілетін ағаш көшеттерінің санын Басамандағы бақта 7 миллион 800-ге, ал екіншісінде 1,5 миллионға жеткізу. Сөйтіп екі есеге арттыру. Ал қазіргі көлем орман шаруашылықтары сұранысын қанағаттандыра алмайды.