Ақтөбе облысының жолдарынан 72 адам эвакуацияланды
Өңірде бірнеше тәуліктен бері аяз. Сондықтан дизель отынымен жүретін көлікке жолға шығуға шектеу қойылған.
Сынап бағанасы -35 градусты көрсетті. Сәл жел тұрса 40-тан асады. Соңғы тәулікте 9 адамды үсік шалып, ақ халаттылардың көмегіне жүгінген.
Абзал Қадырбаев, облыстық аурухананың ортопед-травматологы:
- Бір адамды біздер ауруханаға жатқыздық. Оң жақ қолдың 3-4 саусағы үсігі. 3-4 дәрежесі. Шарбақта қар жинаған. Қолғаппен жүргенде де үсіп кеткен қолы. Қазір енді ауа райы өте қолайсыз.
Жолға шыққан жандар үшін де жағдай қауіпті. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары кезекшілікті күшейткен. Жолда қалғандарды қауіпсіз жерге жеткізіп, эвакуациядан бас тартқандарға азық-түлік тасымалданып жатыр. Соңғы тәулікте 72 адам жылыну пунктінен пана тапты.
Әли Омаров, облыстық ТЖД басқармасының аға инженері:
- Ырғыз ауданы «Самара-Шымкент» тас жолының 1153 шақырымында жолаушы автобуста барлығы 41 адамды эвакуациялау қажеттілігі туралы ақпарат түсті. Зардап шеккендер жоқ. Әйтеке би ауданы «Самара-Шымкент» тас жолының 968 шақырымында жолаушы автобуста барлығы 31 адамды эвакуациялау қажеттігі туралы ақпарат түсті. Құтқарушылардың көмегімен Қарабұтақ ауылының мешітіне орналастырылды.
Жол бойын бақылап жүрген полицейлер де құтқару жұмыстарына белсенді атсалысып жатыр. Жүк тиеген мына Украина азаматының көлігін мұз құрсап, дизель отыны қатып қалған.
Аяздың кесірінен қала көшелерінде жеңіл көліктердің де азайғандығы байқалады. Әлсін-әлсін қыздырып қоймаса автомобиль қозғалтқышын түннен кейін қайта іске қосу оңайға соқпай отыр. Тіпті арнамыздың жылжымалы телестудиясы да сіресіп қатып қалған. Ертемен өңірдің ауа-райына қатысты ақпаратты көрермендерге жеткізбекші болған әріптесіміз телефонның көмегімен тікелей эфирге шығуға мәжбүр болды.
Соған қарамастан өңір тіршілігі өз ретімен жалғасып жатыр. Мәселен, коммуналдық қызмет жұмысшылары ертеден кешке дейін үзіліссіз еңбек етіп жүр. Бұл жайтты ескерген волонтерлер қақаған аязда көшелерді қар мен мұздан тазалап жүргендерге ыстық шай мен бауырсақ таратты.
Құмар Мерғалиев, қала тұрғыны:
- Аязды күні болған соң жылы шай әкеліп, шамалы бойларын жазсын деп, жылынсын деп құрметтеп, солардың еңбегін құрметтеп. Өздеріміз де қуаныштымыз. Мына жігіттерге рақмет. Осындай аязды күні еңбек жасап жатқанына.
Көпшіл жандар игі істі апта соңына дейін жалғастырмақ ниетте. Оған дейін аяздың да беті қайтар. Болжам бойынша ауа температурасы ертең -17 градус.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков