Шетелдік көліктерді заңдастыру басталды
Бірақ заңдастырудың да өз шарты бар.
Дана Әлиева, тілші:
- Қазақстанның жолдарында заңдастырылған көліктер көбейеді. Яғни шетелдік нөмірлер біртіндеп шешіле бастайды. Халыққа қызмет көрсету орталығында ұзын-соңар кезек. Келушілердің барлығы шетелдік тұлпарларын тіркеп, ақ нөмір тағуға асық. Ал Ардақ Асқаровтың бұл арманы орындалды. Тұңғыш боп жатжұрттық көлігін тіркеген оның қуанышында шек жоқ. Айтуынша, заңдастыруға бас-аяғы 2 сағаты кетіпті.
Ардақ Асқаров, Астана қаласының тұрғыны:
- Негізі ешқандай қиыншылық жоқ. 4 құжат болу керек. Ол жеке куәлік, сатып алу-сату шарты, тіркеу куәлігі, көлік құралын тіркеу туралы куәлік, болды. Негізі ойлаған жоқпын бүгін келемін деп. Жай көріп, кетемін қалай болып жатқанын дегем.
Саят Қосжанов та мүмкіндікті қалт жібермей, мында ерте келген. «Көлігімді заңдастырсам, бір уайымым басылар еді»,–дейді ол.
Саят Қосжанов, Астана қаласының тұрғыны:
- Жақсы нәрсе ғой, алып қойып, қорқып жүргенге қарағанда әйтеуір. Ресей Федерациясынан алдық қой. 400 мың теңгеге шықты. Бағасы да қымбат емес.
Сондай-ақ көлікті заңдастыру үшін алғашқы тіркеу, техникалық паспорт үшін баж салығын және мемлекеттік нөмір алу үшін тиісті алымдарды төлеу міндеттеледі. Барлығының құны 215 мың теңгеден аспайды.
Ал көлікті заңдастыру үшін өтінішті egov порталы арқылы онлайн немесе мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келіп беруге болады.
Бауыржан Тоқжұманов, қалалық ПД ӘПБ бөлім бастығы:
- Шамамен жарты сағат, бір сағат ішінде шағым қаралады. Шағым қаралғаннан кейін азаматқа СМС хабарлама келеді. Заңдастыруға болады, автокөлікті салыстыруға әкелсін деген. Яғни салыстыру деп кузовтың нөмірін қарайды.
Барлығы сәйкес келген жағдайда ғана азамат халыққа қызмет көрсету орталығына келіп арнайы төлемдерді төлейді,-дейді мамандар. Ал СМС хабарлама мақұлданбаса, көлік иелер ішкі істер органдарына жүгіне алады. Осы уақытқа дейін 2000-нан астам өтінім келіп түсіп, 200-ден астам көлік заңдастырылған. Жалпы науқан 1 шілдеге дейін жалғасады.
Авторлары: Дана Әлиева, Нұрлан Малгелдинов