Елімізге қазір газет-журналдар керек пе?
Жалпы олардың келешегі не болмақ? Елорда төрінде осы мәселелер жан-жақты талқыланды. Алғаш рет өткізіліп отырған басылымдар форумына Қазақстандағы барлық қалам ұстаған газет-журналшылар жиналып, саланың сан сауалын ортаға салды.
Бұл жиын басқаларынан өзгерек. Себебі Тәуелсіз Қазақстан тарихында мерзімді басылымдардың өкілдері осындай ауқымды әрі ашық форматта алғаш рет бас қосып отыр. Негізгі сұрақ біреу. Газет-журналдардың болашағы бар ма? Себебі қазір «ешкім газет оқымайды», — деген пікір өте көп.
Ерболат Мұхамеджан, сарапшы:
-Басылымдардың көп бөлігі мына тек ғана газетпен қатып қалғысы келеді. Түсінесіз ба? Қазір адамдардың көбі үлкен затты ұстап отырып оқуды ұнатпайды. Қазір телефон максимум. Газетті адам қолымен өлтірмейді, оны нарық өлтіріп жатыр.
Ал нәпақасын газеттен тауып отырғандар өз кәсібі мен нәсібін әлбетте қызғыштай қорғайды.
Диқан Хамзабекұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры:
-Қоғам мен мемлекеттің мәселесіне біз алтын көпірміз. Халық баспасөзді әлі жадынан шығара қойған жоқ баспасөзге сенеді, баспасөзді қадірлейді.
Оқырманы азайған соңғы 20 жылда газет-журналдардың жағдайы күрт нашарлап кетті. Қызметкерлерінің жалақысы төмен, таралымы да қысқарды. Ал пандемия кезінде біразы жабылып тынды. «Мұндай мәселе тек бізде ғана емес, әлемде де бар» , — дейді, Ақпарат министрі. Мәселен, АҚШ-та 2005 жылдан бері 2 жарым мыңнан астам газет ақпарат айдынынан жойылған. Бірақ солай екен деп, қол қусырып отыруға болмайды. Жаңа заман талабына сай бейімделу керек.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
-Мен «Жаңақорған тынысын» атап айтқым келеді осы жерде. Редакция үйін сол ауданның халқы асарлатып салып берген. Сайты біздің кейбір республикалық газеттердің сайтынан да жедел ақпарат тарататынын көріп, ризашылық білдірдік.
«Ал басылымын алға сүйреп, қалай да дамытамын деген редакцияларға мемлекеттен қолдау көрсетіледі. Себебі газет оқитындар мүлдем жоқ деген пікір шындыққа жанаспайды», — дейді, вице-премьер.
Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
-Қазір енді мынау ақпараттық кеңістік бәрі онлайн жүріп кеткеннен кейін бұл да бір сын сіздерге. Бірақ газет оқитын оқырманымыз бар ғой. Әсіресе, елді мекендерде, аудандарда, өңірлерде. Қалада да бар газет оқитын адамдар. Оны біз бөліп-жара алмаймыз. Ол да біздің халық, ол да біздің азаматтар.
Сонымен елімізде газет-журналдар соңғы оқырманы қалғанша шыға бермек. Тек заманға бейімделіп, сапаға мән беру қажет.
Газетте жалған ақпарат болмайды. Бүгінгі жиында Үкімет басшысының орынбасарының өзі мерзімді басылымдарға осындай оң баға берді. Ал мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттарының бірі фейк мәліметтермен күрес екенін ескерсек, елімізде газет-журналдар әлі біраз уақыт өмір сүретін секілді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Аян Сәрсенбаев