Алматыға биыл көктем ерте келеді
Бұл қыстан қажыған тұрғындар үшін жағымды жаңалық болғанымен, табиғат тосын сый танытуы мүмкін. Өйткені «Қазгидромет» мамандарының айтуынша күзгі-қысқы маусымда қалаға 260 миллиметр жауын-шашын түскен. Бұл жылдағы нормадан 13% көп. Күн жылы болса қардың ерте еритіні анық. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаменті мен қаладағы коммуналдық қызмет жұмысшылары дайындықты ерте кезден бастап отыр.
Синоптиктердің мәліметінше, ақпанның соңы мен наурыз айының басында Іле Алатауында жылы күн райы орнайды. Мысалы, наурыздың алғашқы 10 күндігінде ауа температурасы орта есеппен түнде 2-7 градусқа дейін, күндіз 10-15 градусқа дейін көтеріледі. Мұндайда қар көшіп, сел жүру қаупі артады.
Ақжамал Сағынтаева, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:
- Бір айдағы орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1 градус жоғары болады деп күтіледі және де бұл жердегі бір айдағы норма 5 градус шамасында. Ал жауын-шашын мөлшері бойынша нормадан көп күтіледі. Бұл жерде бір айдағы норма 73 мм. Наурызға арналған нақты ауа райы болжамы 2023 жылдың 15 ақпанында шығарылады.
«Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мәліметінше, әзірге мұздықтардан келетін қатер жоқ. Себебі тау шыңындағы мұз жамылғысы мамыр, маусым айларында ери бастайды. Ал Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Оларға мобильді жылжымалы бекеттер қойылып, төтеншеліктер мен «Қазселденқорғау» қызметкерлері жағдайды күнде бақылап отырады.
Самат Дәуленханов, "Қазселденқорғау" ММ Алматы филиалының басшысы:
-Алматы қаласының таулы аймағында қардың ең қалың жерлері 1 метрге дейін. Ол теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте. Ал мынау орташа тауда қардың қалыңдығы 20-30 сантиметрді құрап тұр. Жерге қатқан тоңның қалыңдығы ең көп жерлерде 21 сантиметр. Бұл да жылдағыдай.
Алматыда су басу қаупі жоғары 102 аумақ болған. Соның ішінде 62 мекенжайда канал желілерін қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. «Бұл 49 учаскедегі қатерді жоюға мүмкіндік берді», — дейді мамандар. Тағы 7 жол бөлігінде құрылыс-монтаж жұмыстары қолға алыныпты. Ол наурыз айының соңына дейін аяқталуы тиіс.
Алмат Жаныспаев, ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы:
-Кіші Алматы, Тіксай, Есентай және Жарбұлақ өзендері арналарының жекелеген учаскелерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек аудан әкімдіктері арықтар мен өзен арналарын қар мен мұздан тазартып жатыр. Қалада арық жүйесінің жалпы ұзындығы 1500 шақырымнан асады.
Былтыр зерттеу кезінде қаладағы суды өзен арналарына қайта қосатын 16 коллектордың 12-сі жарамсыз болып шыққан еді. Әкімдік өкілдері сол коллекторлардың барлығы тазаланғанын айтады. Жалпы Төтенше жағдайлар департаменті мен Алматы қаласының құтқару қызметі көктемгі маусымға дайынбыз дейді. Егер су басқан жағдайда салдарын жою үшін 1600 адам мен 620 арнайы техника жұмылдырылады.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев