Хабар телеарнасы

Бөлшек салық ережесі қабылданды

Қолданыстағы салық заңнамаларына бірқатар өзгеріс енгізілді. Нақтырақ айтсақ, бөлшек салық ережесі қабылданды. Сенат енгізген түзетулерге сәйкес, енді шағын және орта бизнес өкілдері қызметін немесе тауарын жеке тұлғаларға сатса салықты 4%, ал, заңды тұлғалармен келісім-шарт жасаса, 8% мөлшерлемемен төлейді. Өзгерістер, жұмыскерлер саны 200-ден және жылдық табысы 2 млрд теңгеден аспайтын нысандарға қатысты. Ал қала мен ауылда кәсіп жасаудың ерекшеліктерін ескере отырып, мәслихаттар мөлшерлемені 2 есеге дейін төмендете алады. Заңдағы аталған өзгертулер мен толықтыруларды Сенат мақұлдап, құжатты қабылдады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Бұл салық режимі пандемиядан зардап шеккен секторларда жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен уақытша енгізілген еді. Мұндай шара шағын және орта бизнес субьектілеріне үлкен демеу болып, өзінің тиімділігін көрсетті. Сол себепті бөлшек салықты қалпына келтіріп, оның жұмысын мерзімсіз ету үшін тиісті түзетулер енгіздік.

Елімізде жемқорлардан тәркіленген қаражатты жинайтын арнайы шотта қазір 120 млрд теңге шамасында ақша бар. Бұл туралы Сенат отырысына келген Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді. Журналистердің сауалына жауап берген Вице-премьер, бұл қаржыға білім ошақтары жөнделіп, жаңа мектептер салынатынын айтты. Сондай-ақ қазір шет елдерге аударылған болуы мүмкін деген күдікпен көптеген банктік оперециялар тексеріліп жатқанын жеткізді. Олардың жалпы сомасы 440 миллиард теңгеден асады. Қаржының кері қайтпағаны нақты дәлелденсе, құзырлы органдар оны елге қайтаруға кіріседі.