Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында жасөспірімдер мінген көліктің апатқа ұшырауынан тағы бір қыз қайтыс болды

Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, 2008 жылы туған жасөспірім ауруханаға өте ауыр халде жеткізілген. Көлікте тоғызыншы сыныпта оқитын 5 жасөспірім болған. Олардың бірі әкесінің машинасын тізгіндеп, көлік Шалқар қаласынан 4 шақырым жерде аударылған. Оқиға орнында бір қыз бала қаза тапса, төртеуі аудандық ауруханаға түскен. Біреуі үйіне жіберіліп, екеуі травматология бөлімінде ем алып жатыр. Жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу амалдары басталды.

Павлодар облысында шыбын-шыркейге қарсы дезинсекциялық шара биыл ерте басталады. Улау жұмысы сәуір айында екі кезең бойынша жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, қансорғыш жәндіктердің қанат қағу кезеңін өткізіп алмау маңызды. Биыл 33 мың гектар аумаққа биологиялық препарат қолданылады. Қазір жайылымдық алқаптың картасы әзірленді. Қала-аудандардағы саябақтар мен көпшілік демалатын орындар да өңделеді.

Биыл Атырау облысында игерілмеген 210 мың гектар жер кері қайтарылады. Жалпы мұнайлы өңірде 9 млн гектарға тарта ауыл шаруашылығына жарамды алқап бар. Оның 3 миллион гектардан астамы қожалықтар мен серіктестердің қарамағында. Қалған жер телімдері бұған дейін жекеге өтіп кеткен немесе таратылған шаруашылықтардың есебінде қалып қойған. Енді игерусіз жатқан алқаптар есепке алынып, жеке кәсібін енді бастаған шаруаларға беріледі.

Түркістан облысында Халықаралық әйелдер күніне орай «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» орталығының ақ жаулықты аналарына құрмет көрсетілді. Жергілікті әкімдік қызметкерлері 8 мыңға жуық ардагер демалатын орталыққа барып, аналардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Бүгінде өңірде 170 мың көпбалалы ана бар. Мереке қарсаңында барлығына бір реттік қаржылай көмек көрсетілді.