«Астрахань – Маңғышлақ» магистральді су құбыры жаңартылып жатыр
Атырау және Маңғыстау облысы тұрғындарының тіршілік нәрінен тапшылық көрмеуі үшін «Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбырын қайта жаңғырту және кеңейтудің 1-кезеңдегі жұмыстары басталды. Су магистралі Атыраудағы Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарын, ал көрші облысқа қарасты Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Түпқараған аудандарына тіршілік нәрін жеткізіп отырған жалғыз орталықтандырылған су көзі.
Қазір магистральдық су құбырын қайта жаңғырту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Диаметрі 1220 мм болатын 9 шақырым құбыр ауыстырылады. Қажетті құрылыс материалдары жоспарға сай жеткізіліп жатыр.
Берік Салпек, «Магистральді су ағызғысы» ЖШС Бас директоры:
- Магистральді суағызғысы 1988 жылы пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта барлық су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 2105 км құрайды. Жоба аясында су ағызғысының 2105 км ұзындығының 170 км ауыстырылуы жоспарлануда. Бұл халықтың су тұтынуының өсуін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Магистралдық су құбырын қайта жаңғырту және кеңейту жобасы арқылы ұзындығы шамамен 176 км болатын екі учаскеде құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Жоба аяқталғаннан кейін су айдау көлемі тәулігіне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін ұлғаяды.
Асылан Дышыков, мердігер мекеменің бас директоры:
- Қазір 240-тан астам техника мен арнайы құрылғы жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта оның көлемін арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ бүгінде 250-ге жуық адам қызмет атқарып жатыр. Оның 95 проценті жергілікті тұрғын. Біз жергілікті адамдардың жұмыспен қамтылуына да назар аударып отырмыз.
«Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбырын жаңғырту 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Жобаны жүзеге асыруға Ұлттық қордан 70 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Сондай-ақ, екінші деңгейлі банк 66,7 млрд теңге көлемінде несие беріп, соның 30 млрд жуығы игерілді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Жандос Рахметуллин