Көппәтерлі тұрғын үйге қатысты заң жаңарды
Қазақстанда 46 714 көппәтерлі тұрғын үй болса, соның 45 425-сі, яғни 97,2% басқарудың жаңа түріне көшті. Оның ішінде 5 581-і мүлік иелері бірлестігін таңдаса, қалғаны сенімгерлікті серіктестіктерге берген.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Тұрғын үй қатынастары туралы заңға енгізілген өзгерістерді талқылау кезінде айтылды. Биыл екінші жартыжылдыққа дейін көппәтерлі тұрғын үйлер басқарудың жаңа түріне көшуі керек. Өйтпеген жағдайда басқарушы компанияны тұрғын үй инспекциясы өзі таңдап береді. Сондай-ақ, жиында көпқабатты үйлердің астындағы автотұрақтарды тек мақсатты ғана пайдалануға болатыны айтылды.
Марғұлан Әбдікәрімов, «ТКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарушы директоры:
- Паркинг ортақ мүлік болып қала береді. Ол орынтұрақтар міндетті түрде орынтұрақ ретінде ғана пайдаланылуы керек. Көппәтерлі тұрғын үйдің астында міндетті түрде көлік жуатын нысандар болмауы керек. Ертең астына су кетеді, су кеткеннен кейін астына жер телімі су көбейе берсе, оның көтеру нәтижесі азаяды. Яғни болашақта ол үйдің құлауына немесе күйреуіне алып келеді.