Оралдағы басты көшелердің бірінде жол әбден тозған
Облыс бойынша да жергілікті маңызы бар жолдардың жартысынан көбін жөндеу қажет. Бұл мақсатқа бюджеттен қажы бөлінді ме? Қанша шақырым жол жөнделмек?
Бұл қаладағы Шолохов көшесі. Мұндағы айналма жолдың сау-тамтығы қалмаған. Шұрық-тесік асфальт жүргізушілерді біраз жылдан бері әуреге салып келеді. Көлік апаты да жиілеп барады.
Әбілсейіт Қадисов, жүргізуші:
- Өте нашар, өте. Тесіліп жатыр. Машиналар соғылады, сынады. Сондай жағдай. Жыл сайын осындай болады.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, биыл шаһарда 45 шақырымнан астам жол жөнделеді. Құрылыс көп ұзамай басталмақ. Жоба жер қойнауын пайдаланушы компанияның әлеуметтік аударымдар есебінен жүзеге асырылады.
Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:
- Қазіргі таңда Шолохов көшесі 4 жолақты болса, жаңа жобаға сәйкес 6 жолақты болады. Екі жағынан жарықтандыру жүргізілетін болады. Одан бөлек қаламыздың бірінші бөлігінде, оның ішінде Зачаганск кентінде, Деркөл кентінде және Ескі әуежай орталығында 10 жоба жүзеге асырылатын болады.
Ал облыстық және аудандық жолдардың құрылысына биыл ел қазынасынан 26,7 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат 329 шақырым жолды жаңғыртуға жұмсалады.
Айдар Менеев, облыстық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Биыл жүзеге асатын жобаларымызды былтыр күзде (тендер) ойнатып қойып, қыс бойы біздер материал тасумен жұмыстанып жатырмыз. 70 мың тонна щебень алып келдік, яғни, 27%. Бұл жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Енді битум тапшылығы да былтыр орын алды. Қазір Ресей федерациясынан битум алуға рұқсат берілді.
Аймақта жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 4700 шақырымнан асады. Соның 46% ғана сапасы қанағаттанарлық. Биыл жаңғыртылатын трассалардың ішінде тек «Тасқала-Аққурай-Болашақ» жолының құрылысы аяқталмақ. Ал қалғанын тапсыру мерзімі келер жылдардың еншісіне қалады.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов