Хабар телеарнасы

Ауыл атаулары қашан өзгереді?

Абай облысының Бородулиха ауданындағы идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерге ұлт зиялыларының есімі беріледі. Мәселен, биыл Дмитриевка ауылындағы Ленин көшесін Абай, Киров көшесін Жібек жолы деп атау жоспарланып отыр. Өңірде былтыр 9 көшенің атауы өзгерген. Алайда ауданда атынан мән кеткен ауылдар әлі де аз емес. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олардың түпкі тарихи атауы бар. Мысалы, Новопокровка — Жұра, Камышенка — Қамысты, Бородулиха — Үлкен көл, Ивановка — Маралбай, Орловка — Қыранды деп аталған. 

Әбілсерік Әлиәкбар, ауыл тұрғыны:
-Абай облысы жеке өңір болып жатыр. Соның ішінде өзге ұлт өкілі басым жердің бірі — Бородулиха. Бұрын мүмкіндік болмады. Енді барлық ауылдар бұрынғы тарихи атауын алса деп ойлаймыз. 

Нұргүл Жақсылықова, Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары:
-2019 жылы Ақши, Жарбұлақ, Құнарлы, Қарағайлы, Жақсылық деген атаулар берілді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасады. Тұрғындардан ұсыныс түссе, өздері жиналыста сондай шешімге келсе, әрине қарастырамыз.