Қызанақтан қауіпті вирус анықталды
Көкөністен де қауіп анықталып отыр. Түркістан облысында сырттан әкелінген 43 тонна қызанақтан қауіпті вирус табылған. Бақша дақылы Түрікменстан, Өзбекстан және Ираннан жеткізілген. Сарыағаш ауданындағы шекара бекетінен өткізу кезінде еліміздің фитосанитариялық бақылау қызметінің инспекторлары көкөністен «қызанақ жемісінің қоңыр қатпарлы вирусы» мен «тоспо вирусын» тапты. Заң талаптарына сәйкес, жүк иелеріне әкімшілік шара қолданылып, өнім кері қайтарылды. «Вирусты қызанақ ел аумағына өтетін болса, бақша дақылдарына жұғуы ықтимал», — дейді мамандар. Мұндай қауіпті вирус соңғы үш жылда Еуропа, Азия және Америкада анықталған.
Ибрагим Бекасылов, облыстық Аумақтық инспекциясының басшысы:
-Сонымен қатар Иран, Өзбекстан, Түркіменстан елдерінде де анықталып отыр. Осындай карантиндік аурулардың енгізілуі мен өнімді зиянкестерден қорғау мақсатында жыл басынан бері 20-ға жуық заң бұзушылық анықталған. Өсімдік карантині инспекциясы тарапынан 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, өнімдер келген жағына кері қайтарылды.