Қарағанды облысының тұрғындары төрт түлігінен көз жазып қалып жатыр
Мал ашуы-жан ашуы. Қарағанды облысындағы Байқадам ауылының тұрғындары айдың күннің аманында төрт түлігінен көз жазып қалып жатыр. Себебі елді мекен іргесіндегі су бөгеттің маңына арық қазылыпты. Қыстан бері сол жерге 4 жылқы түсіп арам қатқан. Экологтар қазылған ордың заңсыз екенін айтса, әкімдік тек ауызша ескертумен шектелген. Малының өтемақысын енді кім төлейді?
Малмен күнелткен ауыл халқының соңғы кезде жері тарылып-ақ барады. «Тоған маңындағы тереңдігі 2 метр мына арық малдан қорғану үшін қазылған»,- дейді тұрғындар. Енді оның зиянын тағы да қарапайым халық тартып отыр. Мысалы, Айдос Дөненаевтың 4 бас жылқысы болған. Бірін жақында арықтан тауып алыпты.
Айдос Дөненаев, Байқадам ауылының тұрғыны:
- Малымызды төлеп берсін, мына жерді жапсын, ограничениесін қойсын осы жерге. Бір шара қолдансын. Малды төлеп берсе болды ғой, одан артық ештеңе сұрап отырған жоқпыз.
Тілеубек Қонысбаев, Байқадам ауылының тұрғыны:
-Осы ауылдың азаматтары жаздыгүні келіп ескертіпті қазып жатқан кезде күзде де ескертілген екен. Бірақ сол айтылғаны айтылған бетте қалған ғой. Қардың астында қалған. Қар еріді мынандай жағдай болды. Мал түгілі адам да, бала да түсіп кетуі мүмкін бұл жерге.
Ауыл әкімі бар мәселені біле тұра кәсіпкерге ескерту жасаумен шектелген.
Айдын Досмақов, Көкпекті ауылдық округінің әкімі:
- Біз өз тарапымыздан ескерту жасадық, 1-2 рет айттық. Уаскелік инспекторға да айттық. Өзі антын берді. Мына жерді қалпына келтіремін, мұндай жағдай болмайды деп. Халықта ескерту жасаған. Оның бәрін білеміз.
Жерге иелік ететін кәсіпкер камера алдында сұқбат беруден бас тартты. Дегенмен арық ол жерді алғанға дейін қазылғанын айтып, қайта қалпына келтіруге ниетті екенін жеткізді. Жерді қазуға экологтар да рұқсат бермеген екен.
Дархан Ісжанов, облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:
-Кәсіпкердің іс әрекеті заңсыз болып тұр. Өйткені ешқандай рұқсат қағаздар департаментке келіп түскен жоқ. Департамент қандай да бір қағаздар берген жоқ.
Экология департаменті тексерісінің нәтижесі екі аптадан кейін шығады. Егер заң бұзушылық дәледенсе, кәсіпкерге 30 айлық есептік көресткіш айыппұл салынады. Ал тұрғындар тек содан кейін ғана кәсіпкерді сотқа беріп, малына өтемақы талап ете алады.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар