Еліміздің бірқатар аймағында күн райы бұзылды
Шығыс Қазақстанда қар араласқан жаңбыр жауып, қатты дауыл тұрды. Өскеменде желдің екпіні секундына 20-30 метрге жетті. Жаңадан салынған үйлердің сыртқы жабыны сыпырылып, ұшып жатыр. Тұрғындар ауыр құрылыс материалы үстімізге түсе ме деп алаңдайды. Қаладағы аялдамалар да дауылға шыдар емес. Кейбірі құлап жатса, бірнешеуінің шатырын жел ұшырып әкеткен. Өңірдегі ауданаралық трассаларда да қауіп күшейді. Өскемен-Тарғын-Самар бағытындағы тас жолды бірнеше сағатқа жабуға тура келді. Өйткені тау арасын аппақ тұман, жолды көктайғақ басқан. Қар аралас жаңбырдың толастар түрі жоқ. Синоптиктердің айтуынша, ертең де осындай күн райы болады.