Хабар телеарнасы

Үй алмақшы болған астаналықтар алданып қалды

Қол жетпес арманға айналған баспана... «Семейный капитал» серіктестігі арқылы үй аламыз деп алаяқтарға алданып қалған тұрғындар біздің редакциямызға хабарласқан. Айтуларынша, компания алғашқы жарнасын алып, 15 жылға қалғанын бөліп төлейтін бағдарламамен жұмыс істейтіндеріне сендірген. Бірақ 130 адам бір жылдан асты, алған үйіміз де жоқ, ақшамыз да қайтарылмады деп шағымданып отыр. 

Анар Ергешова 2020 жылы үй алуға ниеттеніп, «Семейный капитал» компаниясының бағдарламасын таңдайды. Алайда жаңа үйді аңсап келген ана енді арманымызға жеттік пе дегенде алаяқтарға тап болдық, деп өкінеді.

Анар Ергешова, қала тұрғыны:
-Бәрін құжаттарымның өзі шығарды, еговтан өзі шығарып папкаға тығып берді. 15-і, 10-ы, 5-сі деп міне қазір сәуір болды. Жоқ. Үй жоқ, ақша да жоқ.

Алайда алғашында бірнеше адамға үй берілген көрінеді. Өйткені пәтерлі болған азаматтардың нұсқауымен де компанияны таңдаған жан көп.

Әсия Хайдарқұлова, қала тұрғыны:
-11 адамға үй берді. Үй берген кісімен сөйлестім. Алдамайтын шығар деп ойладым. Бұлар кредитный история қарамаймыз деді. Обший мен 5 млн құйдым. 5 млн несиеге алған ақшаларымның бәрін екі есе үш есе төлеп жатырмыз. 

Тұрғындардың айтуынша қылмыстық іс өткен жылы қараша айында басталған.

Анастасия Кокорева, қала тұрғыны:
-Сауда саттық үйлерінде еркін жүр. Оның мүлкі, көлігі тәркіленбегенін көріп тұрмыз. Оның қолынан қаншама адам зардап шегіп отыр. Әлі күнге дейін олардың жарнамалары жүріп жатыр. Бәрі осы үйден үміттенген. Біз барлық құқық қорғау органдарына шағымдандық. Нәтиже жоқ.

Жауаптылардан сұрап білгеніміз: бұл қылмыстық іс Астана қаласы экономикалық тергеп тексеру департаментіне биыл наурыздың басында түскен.

Арнабек Ануарбек, Астана қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға тергеушісі:
-Қараша деп жатыр. Әрине түсінемін. Бірақ қарашадан бастап ол полицияда болды. Іс бізге түсті. Заң бойынша екі ай қаралады іс.

Түсірілімнен кейін арада үш күн өткенде экономикалық тергеп-тексеру департаментінен хабар келді. Компания басшысы Қылмыстық кодекстің 217 бабы бойынша уақытша қамау изоляторына жеткізілген. Қазіргі таңда жәбірленушілерді анықтау жұмыстары жүріп жатыр.

Арнабек Ануарбек, Астана қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға тергеушісі:
-Пирамида ұйымдастырушысы 500 мыңнан 6 млнға дейін қаражат соммасын талап ететін 6 пакет ұсынған. Іс әрекеттерінің ресми екенін көрсету үшін клиенттермен шарт жасасқан. Шарт бойынша клиенттер ақшаларын мекеме шотына аударады. Ал мекеме пәтер алып беруге міндеттеледі. Алайда міндеттерін орындамаған, ақша қаражатын жымқырған. 

Бүгінде компанияның жарнамалары жойылып, жұмысы тоқтатылған. Мамандар әлі де алданғандар болса Желтоқсан көшесі 43 мекен-жайға шағым қалдыруға болады дейді. Айта кетейік істі болған азаматтың кінәсі дәлелденсе 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал тұрғындардың ақшасы соттың шешімімен ғана өндіріледі. 

Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Қанат Әбілдин, Нұрлан Малгельдинов