Хабар телеарнасы

Маңғыстау облысында Қызыл кітапқа енген қоқиқаздардың өлексесі табылды

Құстардың құм арасында жатқан денелерін мал іздеп жүрген оқушы көрген. Бұл ақпаратты жауапты мекеме өкілдері де растады. 5 бірдей өлі қоқиқаздың Қызыләскер ауылынан табылауын мамандар ауа-райымен байланыстырып отыр. Соңғы күндері мұнда топырақ борап, айналаны көру мүмкіндігі азайған. Нақты себебі 10 күнде белгілі болмақ. Ветеринарлар тексеру жұмыстарын қолға алды.

 

Батыс Қазақстан облысында кене қаптап, малмен күнелтіп отырған шаруалар әуре-сарсаңға түсіп жатыр. Ветеринария басқармасының мәліметінше, жыл сайын энзоотиялық аурулардың алдын алуға облыстық бюджеттен 26 млн теңге бөлінеді. Оған 130 мың бас ірі қара егіледі екен. Биыл да дәл осындай қаражат қаралған. Бірақ дәрі-дәрмектің қымбаттауына байланысты егілетін мал саны енді 10% шамасында қысқарып отыр. Бұл қаражат тек жеке тұрғындардың төрт түлігін емдеуге жұмсалады. Ал қожалық иелері дәрі-дәрмекті өз есебінен сатып алуы тиіс.

 

Атырауда мемлекеттік мекемелер бюджеттің 3,5 млрд теңгесін тиімсіз жұмсаған. Мысалы, жылумен қамту мекемесі құжат жүзінде жұмысты аяқталды деп көрсеткен, алайда, қажетті жабдықтар толық алынбаған. Одан бөлек, 1 млрд теңгеден астам ақша дұрыс жоспарланбаған. Мемлекет қаржысын ысырап қылғандардың қатарында, Энергетика және Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы, тұрғын үйге коммуналдық қызмет және құрылыс бөлімі бар. Енді жауаптылар бұл олқылықтардың орнын толтыруға міндетті. 

 

Қарағандыда енді қоғамдық көліктің ішінде отырып кітап оқуға болады. Ол үшін автобустың әйнегіне жапсырылған QR кодты сканерлесеңіз жеткілікті. Қазақ және шетел әдебиеттерінің жауһарларымен сусындай аласыз. Шығармалардың ішінен Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің, Александр Пушкиннің туындылары мен басқа да кітаптарды таңдауға болады. Әзірге электронды кітапхана жобасы 22 автобуста жүзеге асқан. Жуырда тағы 60 автобусқа орналастырмақ.