Елімізде күнбағыс өңдеушілер көмекке мұқтаж
Күнбағыс өңдеушілер дабыл қағып отыр. Нақтырақ айтсақ, «Пионер» атты тұқымның дәнін экспорттаушылар 20% кедендік баж салығына наразы. Абай облысының кәсіпкерлері «Ақ жол» партиясының қоғамдық қабылдауына келіп, мәселелерін ортаға салды. Айтуларынша, өнімнің әр тоннасына 50 мың теңгеден салық төлеу, оларға өте ауыр соғады. Нәтижесінде қоймаларда жүздеген тонна күнбағыс дәні бірнеше ай бойы өтпей тұр. Өнімді сата алмаған соң, өндіріс те тоқтаған. Салдарынан мыңдаған адам жұмыссыз қалыпты. «Ал аталған күнбағыс дәнін Қазақстанда терең өңдейтін зауыт жоқ», — дейді кәсіп иелері. Айта кетейік, кедендік баж салығы еліміздегі май зауыттарының шикізат тапшылығын жою үшін және өсімдік майының бағасын тұрақтандыру мақсатында енгізілген болатын. Партия өкілдері сала алдын ала зерттелмеген, сондықтан проблеманы Үкіметте көтеретіндерін айтады.
Айдын Нәдірбай, кәсіпкер:
-Бір күнде Семей қаласы бойынша біз 400-500 адамды тартады екенбіз. Соның барлығы қазір жұмыссыз қалып отыр. Шаруа қожалықтарымен сендер осыны егіңдер біз үшін, біз болашақта сендерден сатып аламыз деп келісімшартқа отырдық. Біздің зауыт салынғанға дейін бұл «пионер» деген сортты ешкім екпейтін және ешкімге керегі жоқ болған. Енді қазіргі таңда мынау цепной реакциямен біз жұмыссыз қалып тұрмыз.
Әлия Әлімбетова, ҚР СИМ департамент директоры:
-Тағы да түсіндіріп айта кетейін. Күнбағыс тұқымын экспорттауға ешкім шектеу қойып жатқан жоқ. Салықты төлеңіз де, сыртқа шығара беріңіз. Ал сіздер айтып отырған оның дәніне қатысты мәселені біз қайта қарастырамыз. Оны бөлек таңбалаймыз немесе салықты төмендетеміз. Бірақ мұның барлығы ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша жасалады. Дәл қазір нақты ештеңе шешілмейді.