ҚТЖ жазда 4,5 млн жолаушы тасымалдайды
Жазғы маусымдағы ең танымал туристік бағыт белгілі болды. Соңғы 2 жылда Алакөлге барушылар ағыны екі есеге артып, 246 мыңға жеткен. Биыл тағы 30 мың жолаушы орны ашылып, 11 пойыз іске қосылады. Астанадан Алакөлге алғаш рет «Тальго» жөнелтіледі. Жалпы «Қазақстан темір жолы» компаниясы жазғы кезеңде ел ішінде шамамен 4,5 миллион жолаушыны тасымалдауды жоспарлап отыр.
Жәнібек Тайжанов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры:
- Жазғы кезеңге жолаушы тасымалдайтын 1930 вагон дайындап қойдық. Жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін нығайтып, штаттан тыс жайттарды азайту үшін компания бейнебақылау жүйесін кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. Қазір көліктегі полиция департаментімен бірге жол картасына қол қойылған. Бірлескен жоба аясында 25 маршруттағы мейрамхана-вагондарда 146 дана бейнебақылау камерасы орнатылды.