Хабар телеарнасы

Аймақтарда ауыз су мәселесі қалай?

Мамандардың айтуынша, ауылдық жерлерге су тартылғанымен, құбырлардың тозығы жеткендіктен тұщы су мәселесі өзекті болып отыр. Мәселен, Маңғыстау облысында жазғы кезеңде тәулік сайын 50 мың текше метр су жетпейді. Бұлай жалғаса берсе, мәселе 2 есе ушығады. Су мәселесін толығымен шешу үшін 280 миллиард теңге қаржы бөлініп, 402 жоба жүзеге аспақ. Кешенді жоспар бойынша, оның 113 миллиард теңгесі ауылдағы қарашаны сумен қамтуға жұмсалады. 1 мың 400-ге жуық ауыл ауыз сумен қамтылса, тағы 41 ауылға топтық су құбырлары тартылады. Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қызылорда облыстары.

Әзімбек Пазылбекұлы, ҚР ИИДМ Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары:
-Біздің алдымызда 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен халықтың 100% қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл мәселені шешу үшін Маңғыстау өңірін дамыту бойынша кешенді жоспар қабылданған. Жоспарға сәйкес 9 су тұщыландыру заводын салу бойынша ірі жобалар іске асырылатын болады. Бүгінгі таңда біздің министрлік арқылы Ақтау қаласындағы Каспий су тұщыландыру заводының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін кеңейту жобасы іске асырылуда.