Қарағанды облысында жол қашан жөнделеді?
Қарағанды мен Қарқаралы қаласының арасын байланыстыратын тас жолдың тоз-тозы шыққан 90 шақырымы биыл түгел жөнделуі тиіс еді. Тіпті мердігер анықталып, қажетті қаржысы да өткен жылы бөлініп қойған. Алайда көктем шыға жоспар өзгеріп, тек жартысына ғана асфальт төселетін болды.
Өткенде мына шұңқырдан қашам деген машина қарсы бетке шығып кетіп, арғы беттегі машина ол да шұңқырдан қашамын деп екеуі соғылып, осы жерде жол апаты орын алды.
Қарағанды-Аягөз-Бұғаз тас жолы осыдан тура 60 жыл бұрын салынған. Содан бері Қарағанды облысына тиесілі 303 шақырымы бірде-бір рет күрделі жөнделмепті. Әсіресе Қарқаралы мен Матақ ауылының арасы шұрық-тесікке айналып, жол апаты жиілеген.
Осыдан 8 жыл бұрын ауыл маңындағы теміржолды су шайып кетіп, аудандағы өндіріс орындары кенді жаппай жүк көліктерімен тасыған болатын. Салдарынан ауыр машиналар асфальтты езіп жіберген. Жол азабын тартқан ауыл жұрты бұл мәселені билікке талай мәрте айтып, ақыры жөнделетін болған.
Болатбек Тоқмырза, Матақ ауылының тұрғыны:
-Биыл енді сол жөнделеді деп қуантқантын 70 шақырымды. Ең болмаса күрделі жөндеу емес енді, Матақ пен екі ортаны толық аяқтаймыз деген. Содан пішіп-пішіп, қысқартып-қысқартып келіп, 44 километрге ғана шамасы келетін болыпты.
Әділжан Арғынов, Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары:
-Автомобиль жолдары комитетінің соңғы ережесіне сәйкес орташа жөндеу барысында асфальт қабаттары екеу болуы тиіс. Қазіргі нормаға сәйкес. Сондықтан осы жобаның бағасы қымбаттап кетті де, 90 шақырымның 44 ғана жөнделетін болады.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, енді жобадағы 90 шақырым жолдың қалған бөлігі тек келесі жылы жөнделмек. Ал оған дейін жолаушыларға ескі жолмен қатынауға тура келеді.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар