Семейдегі жылу желілерінің 68% ескірген
Қаладағы 322 шақырым жылу жүйесінің 249 шақырымын жаңалау қажет. Облыс орталығындағы 76 жылу беру пунктінің 42-сінің жағдайы мәз емес. Тіпті 90% дейін тозып тұрғаны да бар. Биыл соның қаншасына жөндеу жүргізіледі?
Семейдің оң жағалауындағы қазандықтарға 118 гигакалория сағат жылу жетіспейді. Дәл қазіргі уақытта осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Ғаббасов» және «Орталық» қазандықтарында жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Біз тұрған «Ғаббасов» қазандығына қуаты 20 гигакалория сағат сумен жылытылатын қазандық орнатылуда. Құрылысы жылу маусымы басталғанға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
1977 жылы салынған «Ғаббасов» қазандығы қаладағы 66 көп қабатты, 138 жер үй, 10 әлеуметтік, 39 бюджеттік ұйым мен 140 коммерциялық нысанға жылу береді. 2023 жылдың қазан айынан бері осы қазандықта 44 технологиялық ақау тіркелген. Биыл «Ғаббасов» пен «Орталық» қазандықтарындағы былтыр басталған жұмысты аяқтауға республикалық бюджеттен 1 миллиард, 300 миллион теңге бөлініпті.
Бейбіт Мәкенов, «Ғаббасов» жылу қазандығының басшысы:
-Қойылып жатқан 20 гигакалориялық сумен жылыту қазандығы мұндағы қазандықтардың қуатын арттырады. Бұл жердегі жылу жетіспеушілігі 18 гигакалорияны құрайды. Жаңа қазандық іске қосылса жылу жетіспеушілігі мәселесі жабылады деп есептеймін.
Болат Әбдірәлиев, Абай облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:
-Өткен жылу маусымының өзінде 424 апатты жағдай болды. Облыстық және қалалық бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұған 13 жылу беру пункті мен жылу желілері жөнделеді.
Семейдегі сан жылдар бойы сарысудай жиналып, шешімі табылмай шеменге айналған мәселенің бірі — жаңа Жылу электр орталығын салу. Президенттің пәрменінен соң сең қозғалып, қазір маңызды нысанның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Құжат жыл соңына дейін дайын болуға тиіс. Ал жылу орталығының құрылысына Абай облысын дамытудың кешенді жоспары аясында 480 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарланған.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов