Хабар телеарнасы

Атырау облысында асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын шаруашылық бар

Атырау облысында елтірілі, етті-майлы асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын шаруашылық бар. Өткен ғасырдың  1960-1990 жылдары Қызылқоға ауданында ғылыми тәжірибеге негізделген осындай элиталық елтірі сортты еділбай қойының жаңа тұқымы шығып еді. Кейін ғылыми жұмыс аяқсыз қалды. Дегенмен асыл тұқымды қойдың басын сақтап қалған шаруашылықтар әлі де бар.

Мына шаруа қожалығында төл алу науқаны аяқталған. Біздің назарымызды аударған ерекше көксұр түсті қошақандар. Бұл өткен ғасырдың 60-жылдары басталған қазақстандық мал мамандарының ғылыми еңбегінің жемісі екен. «Суыр» деп аталғанымен, елтірінің 6-7 түрі бар. Оның ішінде ең бағалысы — қызыл қоңыр және жақұт түсті ақсұр елтірі», —дейді малбегілер.

Халел Шоңбасов, шопан:
-Мынау — антрацит. Платинадан да қымбат тұрады мынау. Осы бөліктен біреуі ғана кездесіп тұр қазір. Басқа бөлектерде болар, бірақ енді жойылып кетті ғой тұқымы. Көп кездесе бермейді, сирек.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары шаруашылықтар елтіріге емес, етке қызмет ете бастады. Сондықтан өздеріңіз көріп тұрсыздар, отардың өзі ала-құла. Қарасы да, аласы да кездеседі. Жалпы қазір мамандардан сұрап көрсек, біз платинаға таңғалып жатырмыз, ал кезінде елтірінің «жақұт» деген түрі шыққан. Оның елтірісі ең қымбат элиталық сорт саналады екен.

Бүгінде «елтірілі, етті-майлы» қой тұқымы бір шаруашылықта ғана сақталған. Мұнда 5 мыңға тарта мал бар. Бірақ елтірі өндірісімен ешкім айналысып жатқан жоқ.

Әділет Шаймарданов, аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Соңғы кезде ғылыми-зоотехникалық жұмыстар кенже қалуына байланысты сәл кешеуілдеп қалған. Алдағы уақытта Үкімет тарапынан тиісті қолдау болған жағдайда оны дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар.
Атырау облысында асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын 12 шаруашылық бар. Бірақ барлығы қазақы еділбай қойын жөн санайды. Себебі жұрт жүні далада қалатын, елтірісі мүлде өтпейтін түлік түрінен бас тарта бастаған. Ол заңды да. Мысалы, еділбай қойының қошқары 140-160 келі тартса, 6 айлық төлінің өзі 30 келіге дейін таза ет береді. Бастысы, ет өндіретін шаруашылықтардың шығыны 80% дейін субсидияланады. Елтірі өндірісіне осындай қолдау болса, бағасы алтынға пара-пар асыл терілерді шетелдерге шығаруға мүмкіндік мол.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов