Хабар телеарнасы

Орал өңірінде киік төлдеп, құралайын өргізді

Күні бүгін ақбөкендердің 70% төлдеген. Қазақстанда киіктің 3 популяциясы кездеседі. Мекендейтін жеріне байланысты Бетпақдала, Үстірт, Орал болып үшке бөлінеді. Ең саны көбі — соңғысы. Былтырғы санақтың ресми қорытындысына сәйкес өңірде 800 мыңнан астам бөкен тіркелсе, биыл алдын-ала болжам бойынша олардың саны миллион жарымға жуықтаған. 

Қазақтар киіктің лағын «құралай» дейді. Жаңа туған кезінде ол өте дәрменсіз. Бірнеше сағат бойы қозғалмастан, көздері мөлтілдеп жатады. Ал аяқтанғасын жаяу қуғанға жеткізбейді. Мамырдың басында киіктің текелері бөлек кетіп, ешкілері бір жерге жиналады. Бәрі бір мезгілде, шамамен бірер аптада төлдеп болады. Адамнан да аса үрікпейді. Бір-екі шақырымға аулақтау барып жайыла береді. Ал олардың жаңа қозғалған жерінде лақтары толып жатыр. Топырақ түстес болғасын әбден жақындағанша көзге бірден шалынбайды.

Қуаныш Әбілханов, «Охотзоопром» РМК қызметкері:
-Енді киіктің ерекшелігі, өздеріңіз көріп тұрғандай, құралайдың салқыны дейді ғой. Олар төлдегенде шыбын-шіркей болмас үшін күн салқындау болады. Киіктер төлдеген кезде қасқыр, құстар осы кезде төлдеп біткенше етке тәбеті болмайды дейді. Аңыз ретінде айтылған ғой. Бірақ шындығына келгенде де солай.

Киік төлдейтін жерге міндетті түрде жаңбыр жауады. Мұны жергілікті тұрғындар «көтенжуар» деп те атайды. Биыл да табиғат дағдысынан жаңылмады. Нөсерге тап болып, жол бойындағы ауылға амалсыз аялдадық.

Әдетте киіктің лағын ұстап, осылай суретке түскенде, «ойбай, обал жасадың, ертең енесі жеріп, емізбей кетеді, лақ аштан өледі» дейтіндер табылып жатады. Алайда осы киіктің басы-қасында жүрген мамандардың мәлімдеуінше, ол пікірлер орынсыз екен. Өйткені киік лағын ешқашан менікі-сенікі деп бөлмейді, бірінікін бірі емізе береді.

Киіктердің төлдейтін орны жылдан-жылға солтүстікке ойысып барады. Биыл олар Оралдан 500 шақырым жердегі Жәнібек ауданының Жақсыбай, Борсы, Талов ауылдарының аралығын таңдапты. Мамандар бөкендерді былтыр құрылған резерват аумағына айдап көрген екен. Көнбепті. Ресей аумағы арқылы айналып өтіп, үйреншікті жеріне қайта келіпті. Келешекте киіктерді резерватқа шоғырландыру жоспарланған.

Нұрлан Рақымжанов, БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы:
-Ол үшін тиісті қаржы бөлініп жатыр. Судың зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Су табылған жағдайда әртүрлі әдіспен құдықтар соғылады. Бірнеше жұмыстарды резерват атқарып жатыр. Аумағы үлкен 657 мың гектар.
Төлдеген уақытында киікті қорғау күшейтіледі. Жануарлар жатқан жаққа бейсауат адам, көлік жіберілмейді. Соңғы жылдары браконьерлік фактілер азайған. Оған заңнаманың қатайғаны әсер етсе керек. Әрі былтырдан бастап мүйізді шетелге заңсыз шығаруға тосқауыл қойылған.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмұтов, Э. Аюпов