Елорданың Сарыарқа ауданына биыл 25 жыл
Аудан тұрғындары мен қонақтары бұл мейрамды ауқымды концертпен атап өтті.
Сарыарқа – елорданың жүрегі іспеттес. Себебі қала тарихы дәл осы ауданнан бастау алған. Мұны шараға жиналған тұрғындар да, 20 жыл әкімдік аппаратында істеп жүрген Айнұр Нұржанова да жақсы біледі.
Айнұр Нұржанова, «Сарыарқа» ауданы әкімі аппаратының бас маманы:
-Мен 2003 жылы жұмысқа келген уақытта ауданның жағдайы... Бұрын кішкентай, халқы аздау болса, үйлер ескі болған, қазір көріп отырсыздар, қаншама биік-биік ғимараттар салынған. Кәдімгі мына солтүстік жағалаудан айырмашылығымыз жоқ деп ойлаймын.
Ширек ғасыр толған ауданда биыл 110 үйге газ тартылып, жолдар мен алаңдар аббаттандырылып, мәдени ошақтар бой көтере бастаған. Халық саны да жыл сайын қарқынды түрде ұлғайып келеді.
Бауыржан Ералы, «Сарыарқа» ауданының әкімі:
-Жалпы ауданымызда 354 000 адам тұрады. Сол 354 000 адамның үмітін ақтау, жалпы әлеуметтік, мәдени жағдайын көтеру — біз үшін мақтаныш, әрі парыз, әрі жауапкершілік. Сондықтан да алдағы уақытта жұмысты қарқынды атқаратын боламыз.
Ал ауданға жанашыр жандар әкімдікпен бірлесе жұмыс істейді.
Максим Николайчук, қала тұрғыны:
-Осыдан 6 жыл бұрын ауданның белсенді тұрғындарымен бас қосып, көңіл толмайтын мәселелерді іздеп, оның шешімін әкімдікке ұсынуды қолға алдық. Өзіміздің арнайы чатымыз бар. Барлық жұмыс цифрланған.
Осылайша, 25 жылдыққа арналған мерекелік концерт бағдарламасы ән мен биге толы болды. 2 аптаға жалғасқан «Менің сүйікті ауданым» фотоконкурсының нәтижелері де жарияланып, жеңімпаздар марапатталды.
Авторлары: Дана Әлиева, Болотбек Табалдиев