Шымкентте «SOS» батырмасы орнатылды
Шымкенттік полицейлер жәбірленушінің арызын қабылдаудың жаңа жүйесін іске қосты. Әзірге «SOS» батырмасы бар құрылғы халық көп шоғырланатын орындарға орнатылып, сынақтан өткізіліп жатыр. Осылайша, өміріне қауіп төнген тұрғындар мен құқық бұзушылықтың куәгерлері жедел басқару орталығымен тікелей байланыс орната алады. Мамандар: «Жаңа жүйе өз тиімділігін көрсетсе, жыл соңына дейін 25 данасын орнатамыз», — дейді.
Алмагүл Оспанова, қала тұрғыны:
-Жаяу жүргіншілер жолында машиналар тұрады. Тратуарда машиналар тұрады. Сол жағынан тәртіпсіздік бар. Риза болмаған нәрсені айту үшін сен полиция учаскесін іздеп жүру уақыт алады. Ал мынандайлар көп болса ойыңды айтып кете бересің. Менің ойымша барлық жерге орнатылуы керек.
Нұркен Нұралиев, қалалық ПД Ақпарат және байланыс басқармасының бастығы:
-Кез-келген жағдайда дабыл батырмасын басып, қоңырау шалуға болады. Ұрлық пен бұзақылықты қоспағанда, өзін жайсыз сезінген тұрғындар да полицейге иек арта алады. Барлық азаматта ұялы телефон бола бермейді. Кейде қуаты сөніп қалуы да мүмкін. Осындай кезде шұғыл әрекет етіп, жедел басқару орталығынан көмек сұраса болады.