МӘМС ақшасы қазақстандықтарға қайтарыла ма?
Денсаулық сақтау министрі қазақстандықтарға медициналық сақтандыру жарнасының жартысын қайтару туралы ұсынысқа пікір білдірді. Кеше Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов осындай бастама көтеріп сақтандыру жүйесіндегі қаражатты пайдалану бойынша ақпарат ашық айтылмайды деп сынға алған еді. Ажар Ғиният бұған қатысты кей деректерді жариялады. Айтуынша, жылына азаматтардың емделуі үшін қор есебінен 700-800 млрд теңге жұмсалады. Мұның барлығы заңнамалық тұрғыдан бекітілген. Сондықтан ақша қайтарылмайды. Сондай-ақ министр сақтандыруға қатысты барлық сұрақты жақын арада Парламентте талқылауға дайын екенін жеткізді.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Әр адам жылына орта есеппен 100 мың теңге МӘМС-ке төлейді. Биыл ол мүлдем медициналық қызметке жүгінбеуі мүмкін. Дегенмен оған ақша қайтарылмайды. Себебі келер жылы оған 1 млн теңгенің ем-шарасы қажет болатын шығар. Жалпы жүйе осындай есеппен медициналық көмек барлығына бірдей қол жетімді болатындай етіп жасалынған.