Үкімет басшысы ауыл балаларының жазғы демалысын қалай ұйымдастыру керектігін айтты
Ауылдағы балалар ала жаздай туған өлкесінен алыстамай, демалыстың дәмін татпай жазды өткізеді. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов осы жайлы алаңдайтынын айтыпты. Айтты да, өңірдегі оқушыларды мәдени-тарихи жерлерге, Астанаға апарып қыдыртуды тапсырды. Сондай-ақ лагерлердегі жатар жерлері мен ішім-жемдері дұрыс болсын деп ескертті. Мұны естіген Оқу-ағарту министрі мүдірместен, елдегі 3,7 млн оқушының 85% жазғы демалыс және сауықтыру орталықтарына барады, 10 мыңнан астам лагерь дайындалып жатыр деп есеп берді. Ол ол ма, 3 ай демалыста 11 мың үйірме жұмыс істейді деп уәде берді. Cоңғы қоңырау соғылған жоқ. Себебі оқу жылы 36 аптаға ұзартылған. Балалардың жазғы демалысы 1 маусымнан басталады.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Мемлекеттік стандарттың, бағдараламаның 36 аптаға қатысты дүние енді оны бірден қалпына келтіру мәселесі басқа да өзгерістерге алып келеді. 6 күндік оқу жоспарына алып келеді немесе пәндегі оқу сағаттарының қысқаруына алып келуі мүмкін. Бұл жай ғана қайтара салатын нәрсе емес қой. Мамандар шешім қабылдауы керек.