Алакөлде шомылу маусымы басталды
Көлдің жағасына қазір әуе, темір жол қатынасы арқылы және жаңадан салынған тақтайдай тегіс жолмен тез-ақ жетіп баруға болады. Бірақ туристер демалыс орындарындағы баға мен көрсетілетін қызмет сапасының бір-біріне сай келмейтінін айтып отыр. Алакөлдегі демалыс Антальядан қымбат деген қаншалық рас?
Алакөлге қатынау бұрынғыдай емес, айтарлықтай жеңілдеді. Бүгінде Алматыдан Ақши, Көктұма ауылдарына дейін «Алматы-Өскемен» республикалық тас жолымен 5-6 сағатта жетуге болады. Астана, Алматы мен Талдықорғанға ұшақ пен пойыз қатынап жатыр.
Дәулет Жұбандықов, Алакөл аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Әуежай, темір жол, трасса бәрі іске қосылды. Әуежайдан Алматы, Астана, Талдықорғанға әуе рейстері қатынап жатыр. Пойыз 9 рейс күнделікті жүріп жатыр. Жағажайдың ішіне де мусорный бактар қойылатын болады. Сол жерден сенімгерлікке берілгеннен кейін жинап, жоғарыға қойылған үлкен бактарға әкеліп, тастап отырады.
Көл жағалауы биылдан бастап 5 кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген. Олар шатыр тігіп, демалуға арналған орындарды әзірлеумен қатар тазалыққа да жауапты болады. Алакөлдің Жетісу облысындағы бөлігінде 300-ге жуық демалыс орны бар. Олар күніне 25 мыңға жуық адамды қабылдай алады. Биыл мұнда 14 жаңа нысан ашылады деп жоспарланған еді. Бүгінде соның 8-і іске қосылған. Үлкен пансионаттарға жолдама ақпан айында сатыла бастапты. Онда қазір орын жоқ деуге де болады.
Айдос Кертаев, демалушы:
- Алакөлдің оң жағына барғанда ол жақта көп зона отдыхаларда қымбат. Мысалы, июльде екі орындық адамға 45, 50, 60 мың. Ондай бағаға кәдімгідей шетелге баруға болады демалуға. Ал сол жағында арзанырақ. Комфорт азырақ, бірақ демалуға болады.
Туристік фирма өкілдері демалушылардың ең алдымен баға мен сапаға қарайтынын айтып отыр. «Көлдің Жетісу облысына қарасты бөлігінде сервистің дамуы тым баяу екенін мойындамасқа амал жоқ», – дейді олар.
Әсем Асқарова, туристік фирма өкілі:
- Қазақстандық туристер қалай айтсам болады, ең ерке туристер. Негізі бізге кішкене бағаны түсіру керек немесе сервистің жұмысын қатты көбейту керек. Тіпті көрші елдерімізге баратын болсақ, ол жердегі бағалар бізден әлдеқайда төмен, бірақ сервистары өте жоғары болып табылады.
Дегенмен туристердің бәрі бірдей емес. «Демалыс орындарындағы қызмет көрсету сапасы көңілімнен шықса, бағасына қарамаймын», – дейді қарағандылық Сергей Забордяев.
Сергей Забордяев, демалушы:
– Маған достарым Алакөлге баруға кеңес берді. Мен тоқтаған демалыс үйінің ауласы жап-жасыл екен. Көлге шығатын жері де өте ыңғайлы. Суы тап-таза. Маған Алакөл қатты ұнады. Жағалау да, ауа райы да тамаша болып тұр.
Алакөл жағалауындағы демалыс орындарының бағасы өткен жылмен салыстырғанда 20-30% қымбаттағаны байқалады. Қазақстанның жауһарына баланған бұл көлдің Жетісу облысына қарайтын бөлігінде былтыр 1 млн 300 мың адам тынықса, биыл 1,5 млн демалушы келеді деген болжам бар.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев