Оралда Жайықтың жағалауы қайтадан жаңғыртылмақ
Орал қаласындағы осыдан он жыл бұрын абаттандырылған Жайықтың жағалауы қайтадан жаңғыртылмақ. Бұған дейін 8 жыл қатарынан әр көктемде мердігерлер жағалауды жөндеп келген еді. Кепілдік мерзімі бітуіне байланысты биылғы ағымдағы жөндеуге қала бюджетінен 280 миллион теңге бөлініпті. Алайда мамандармен ақылдасқан шаһар басшылығы бөлінген қаржы желге ұшуы мүмкін деп қауіптеніп, құрылысты кейінге шегерді. Себебі әу баста рекреациялық аймақты жобалау кезінде өрескел қателіктер кеткен. Мәселен салмағы зілдей гранит тақталарды жарға желіммен жабыстырған. Қыста, аязда немесе көктемде су тигенде ол тақталар құлаған. Өзге де кемшіліктер аз емес. Сол себепті жағалауды кеңейтіп, қайта салу туралы шешім қабылданыпты. «Биыл жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді. Білікті сәулетшілер мен құрылысшылардың және қала тұрғындарының ұсыныстарын қабылдауға әзірміз», — дейді мамандар.
Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:
-Толықтай реконструкциядан қайта жөндеу жүргізетін болсақ, сәйкесінше өның құны да өте көп болады. Минимум млрд, млрд жарым болады деп есептеймін. Неге десеңіз, сапалы түрде жасау керек. Тынымбақтың аумағын үлкейту керек, спорт алаңдарын ішіне, балалардың ойын алаңдарын жасағымыз келіп тұр және де орман ішімен соборға қарай соқпақ бұрыннан бар. Сол соқпақты қайтып жаңартып, толыққанды жөндеуден өткен тынымбақ сыйлағымыз келіп тұр.