Астанада «Елорда мақтанышы» атты түлектер кеші өтті
Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды шараға 9,5 мыңнан астам мектеп бітірушілері қатысты. Олардың арасында 280 алтын белгі, 607 үздік аттестат иегерлері бар. «Тиісінше бұл форум алдағы қадамдарына дұрыс бағыт-бағдар береді»,-дейді ата-аналар. Өйткені әр салада еңбектеніп жүрген спикерлер нәтижеге жетудің жолдарын айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Бұдан бөлек талапкерлерге арналған жоғары оқу орындарының көрмесі ұйымдастырылды. Болашақтағы сан саланың мамандарына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтықтау хат жолдаған. Оны шара барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Сіздер Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін берік ұстанасыздар деген ойдамын. Сонда біз көпке ілесетін емес, көш бастайтын ел боламыз. Талаптарыңызға нұр жаусын! Болашақтарыңыз жарқын болсын!