Хабар телеарнасы

Алакөл ауданы әкімінің резиденциясы балалар сауықтыру лагеріне айналды

Жетісу облысындағы Алакөл аудандық әкімдігінің резиденциясы бұдан былай мүгедектігі бар балаларды сауықтыруға арналған лагерь ретінде жұмыс істейді. Өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың ақпан айында Алакөл ауданына іс-сапары кезінде тұрғындар көл жағалауындағы резиденцияны мүгедек балаларды оңалтуға арналған орталыққа беру туралы мәселесін көтерген еді. Ұсыныс қолдау тапты. Енді балалар жаз мезгілінде Алакөл жағалауында тынығып, ем қабылдайды. Ақши ауылындағы аумағы 200 шаршы метрлік резиденцияны жөндеуден өткізуге жергілікті бюджеттен 38,2 млн теңге бөлінді. Онда 8 жатын бөлме, 2 ойын залы, асхана және медбике кабинеті бар. Мүгедектігі бар балаларға жаз мезгілінде қызмет көрсету мақсатында 24 штат бірлігі бекітілген. Жазғы сауықтыру лагері шомылу маусымы кезінде 200-ден астам ерекше күтімді қажет ететін баланы қабылдай алады. 

Берік Серғазин, күндізгі оңалту орталығының директоры:
-Балалар 4 уақыт, 4 мезгілдік тамақтану дайындалған. Жатын орынмен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар түрлі іс-шаралар, ойын, суға шомылу. Әр балаға тәрбиешілер бекітілген. Суда жүзу нұсқаушылары бар. Тәрбиешінің көмекшілері де бар. 1 медбике, 1 дәрігер осы мекемеде қызмет жасайды.

Мейрамгүл Ақышева, ата-ана:
-Мұндай орталыққа бару үшін біз Алматы, Астана деп, үлкен-үлкен қалаларға баратынбыз жаңағы қаражатымызды жинап. Ал енді қазір біздің балаларымызға тегін осындай орталық ашылғанға барлық ата-аналардың атынан бәріне алғысымыз шексіз.