Биыл Ақмола облысында 87 мектеп жөнделеді
Өткен ғасырдың ортасында салынған білім ордалары жаңартылып жатыр. Соның бірі Бұланды ауданына қарасты Қараөзек ауылындағы мектепке жөндеу алғаш рет жүргізіліп отыр. Әбден тозығы жеткен ғимараттың шатыры қайтадан салынып, жаңа терезелер орнатылады. Қыркүйекке дейін мектептің оқу кабинеттері, асханасы және спортзалы жөнделеді. Вознесенка ауылдық мектебі де жарты ғасырдан астам уақыт күрделі жөндеу көрмепті. Білім ошағы айтарлықтай ескіріп, тіпті төбесінен су да аққан. Осы айда басталған жөндеу жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталады. Жалпы өңірде 5 мыңнан астам орынға есептелген 14 жаңа мектептің құрылысы да жүріп жатыр. Көбі облыс орталығы мен Астана маныңдағы аудандарда. Соның алтауы жаңа оқу жылының қарсаңында іске қосылады.
Әлия Жолдығұлова, Бұланды аудандық білім бөлімінің басшысы:
-Вознесенка және Қараөзек ауылдың мектептерінде жаңа модификациядағы кабинеттер ашып, қажетті құрылғылармен жабдықтаймыз. Олар сатып алынды, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін орнатамыз. Спортзалдармен алғашқы әскери дайындық кабинеттерін жаңа қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Бірақ барлық жұмыс бірден аяқталмайды. Қазір аудан орталығындағы екі мектептің жөнделуін жоспарлап отырмыз.