Ақтауда мектеп есепшісі 76 млн теңге жымқырған
Ақтауда мектеп есепшісі 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қаладағы №11 мектептегі 3 жылдық қызметі кезінде 76 млн теңгеден аса мемлекет қаржысын жымқырды деген айып тағылды. Прокуратура тексеру жүргізіп, қызмет лауазымына тиесілі және іс жүзінде төленген айлықтың арасындағы айырмашылық барын байқаған. Жалақыны бірнеше есе артығымен алып келген 35 жастағы күдікті, өз кінәсін толық мойындап отыр. Жинақталған мәлімет Экономикалық тергеу департаментіне тапсырылып, сот үкімі шықты. Әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Мерген Меңдіғалиев, облыстық прокуратураның басқарма басшысы:
- Бұл факті бойынша прокуратурамен қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 88 жылы туылған. Отбасылы ер азамат.