Хабар телеарнасы

Алматыда 3 баланың анасы ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін

Алматыда полицейлер адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп келген жеткіншектер тағдырына араласуға мәжбүр болды. Анасы 3 баласын қараусыз қалдырып, ішкілікке салынып кеткен. Енді ол жауапқа тартылатын болды. Ал балақайлар балалар үйіне өткізілді. Жалпы елімізде бала қауіпсіздігі өзекті мәселеге айналып барады. 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітім деректері де көбейген. Қазір осыған қатысты барлық міндеттер мен жауапкершілікті айқындайтын арнайы заң әзірленіп жатыр. 

Бұл кадрлар жантүршіктіреді. 7 жасар қыз бен 5 және 3 жастағы ұл қоқыстан жиылған үйінді астынд, адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп келген. Аналары ішкілікке салынғандықтан күтімсіз қалған балалардың денсаулықтары да сыр бере бастаған. Қазір олар қолдау орталығына жеткізілді. Ал балаларына жағдай жасай алмаған әйел ата-ана құқығынан айырылады.

Полиция жағдайды дер кезінде аңғармаса, салдары бұдан да ауыр болуы мүмкін еді. Мәселен, тек соңғы жылдары 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітім көбейген. Жылына 100-ге жуық бала түрлі жағдайда қайтыс болады. Ал 20 жыл бұрын бұл статистика 73 аспаған еді. Себепші факторлар көбіне жол-көлік апаты, суға кету, терезеден құлау, улану сынды жағдайлар.

 

Шынар Төлешова, Экономикалық зерттеулер институтының бас сарапшысы: 
- Себебі осы балалардың арасындағы жалпы қауіпсіздік деңгейінің төмен болуы. Оған әрине, біз қоғам болып, ата-ана, мектептегі мұғалім, балабақшадағы тәрбиеші жалпы осылардың барлығы жауап беруі тиіс.

Тиісті мемлекеттік органдар өзара бірлесіп, арнайы заң жобасын әзірлеуге кірісті. Жаңа құжатта ата-ананың жауапкершілігін арттыру көзделген. Балаларға жасалған қылмысқа қатысты жаза да қатаңдатылады.

Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі:
- Жалпы бұл заң жобасы біріншіден балалардың қауіпсіздігіне қатысты енгізілетін түзетулер болады. Біріншіден, зорлық-зомбылыққа қатысты және татуласу рәсімін алып тастау бойынша, сонымен қатар сексуалдық қылмыстарға қатысты, суицидке қатысты өзгерістер болады және балалардың жалпы қауіпсіздігіне қатысты өзгертулер енгізілетін болады.

Балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған заң жобасы күзде Парламентке жолдануы тиіс. Әрі қарай халық қалаулыларының сүзгісінен өтіп, жаңашылдық қабылдануы бек мүмкін.

Авторлары: Дана Әлиева, Ұлан Нарынбек