Үкіметте республикалық бюджеттің орындалуы қаралды
Ел экономикасы 8 айда 4,9% өсіпті. Оң динамика құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салаларында байқалған. Тауар экспорты 44,8 млрд долларға жеткен. Ал импорт 34,7 млрд долларды құрапты. Қабылданған шаралардың арқасында тамыз айының қорытындысы бойынша инфляция 13,1% дейін төмендепті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-8 айдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында барлық негізгі көрсеткіштердің өсімі тіркелді. Қалған өңірлер нысаналы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.
Үкімет отырысынан соң Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин көлік салығын жою мүмкіндігіне қатысты да пікір білдірді. Айтуынша көлік салығын бензинге арналған акцизге ауыстыру нұсқасы талқылануда. Бірақ бұлай істеген жағдайда жанармай бағасы 14 теңгеге қымбаттауы мүмкін. «Бұл қозғалтқыш көлемі шағын көлік иелері үшін тым ауыр тиеді. Сондықтан жаңашылдықты енгізу мәселесін тыңғылықты қарастырған жөн», — дейді. Әзірге нақты шешім жоқ.