Ақтөбеде мас күйінде көлік айдаған депутат мандатынан айырылды
Ақтөбеде мәслихат депутаты мандатынан да, көлік жүргізу құқығынан да айырылды.
53 жастағы әйел орталық көшелердің бірінде жол ережесін бұзған. Ал оны тексеру барысында ішімдік ішкені анықталды. Нәтижесінде оған қатысты сотқа екі іс түсті. Алғашқы отырыс өтіп, қаулы шықты. Ол бойынша енді жүргізуші жарты жыл бойы көлік жүргізу құқығынан айырылды. Бірақ айыпталушының өзі сотқа қатыспаған. Ал ішімдік ішіп, темір тұлпар тізгіндегіне қатысты іс кейін қаралмақ. Сондай-ақ депутаттың мәслихаттағы өкілеттігі тоқтатылды.
Мүсіреп Жанболатұлы, патрульдік полиция инспекторы:
- 6 жолақты жол белгісі және соны ортасынан бөліп тұрған екі таңбалау сызығын көлік құралын басқарып келе жатып өтіп кеткен болатын. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 596-бабының 3 тармағы бойынша әкімшілік хаттама салынды және жол жүру қағидасы бойынша 9.2 тармағын бұзды.