Қазақстанда 8,4 млн адамның несиесі бар
1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – 1,4 трлн теңгеге жетті. Бүгін Мәжілісте осы мәселеге байланысты Парламенттік тыңдау өтті.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Асқынып кеткен несие. Қазіргі жағдайды тек осылай түсіндіруге болады. Оның артынан қаншама мәселе туындап жатыр. Нақты мысалдармен көрсетейін.
Мөлдір Тұрысбекованың 4 кредиті бар. Мақтану үшін емес өзгелерге сабақ болсын деп, басындағы ауыр жағдайын парламенттің мінберінен тұрып таныстырды. Мұндай мысалдар көп. Ең сорақысы несиені табысы аздар ғана емес, жұмыссыздар, студенттер тіпті жасөспірімдер де ала алады. 14-16 жастағыларға онлайн кредит рәсімделуде.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Қазір халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар екен. Егер жөн-жосықсыз кредит алу азаймайтын болса мемлекет тарапынан халықтың табысын көтеруге бағытталған шаралардың нәтиже беруі екіталай. Сондықтан біз бұл проблеманы мұқият зерттеп, Оңтайлы шешімін табуымыз керек.
«Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» дейді халқымыз. Қалай тауып айтқан даналық десеңізші. Несие алушылар көп болған соң мәселенің де түр-түрі шығуда. Берешегін өтеу үшін азаматтарымыз құмар ойынға салынып, ұтыстан жағдайымды түзеймін деп, керісінше барынан айырылып жатыр. Содан бұрынғы несиені өтеу үшін қайта кредит алады екен. Одан қалды қылмысқа барады.
Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Несие өтеу үшін қажетті ақшаны таба алмаған кей азаматтар қылмыстық жолға түскен. Тонау, қарақшылық және ұрлықпен айналысқан осындай 40 адам ұсталды. Олар өз әрекетін тым көп несие алғандығымен түсіндірді. Бұлай ақталу оларды жауапкершіліктен босатпайды. Бұл - бізге белгілісі ғана.
Руслан Берденов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Несие алу, құқықбұзушылық, алаяқтық, тіпті ауыр қылмыс жасап жатыр. Еліміздегі 157 000 құқық бұзушылықтың 20%-ы немесе 31 000-ы құмар ойындары кесірінен жасалған. Ал ажырасудың 38%-ның себебі – құмар ойындары. Құмарлықтың соңы әр жанұяға қасірет болып, арты қайғылы оқиғаларға соқтырып жатыр.
Міне осындай жаңа әлеуметтік мәселелер туындауда. Мамандардың талдауына сүйенсек, бізде несиені көп алатын - жастар. Ал оларға ақша ұсынатын - шағын несие ұйымдары. Олар аз мөлшерде ғана ақша рәсімдегенімен оның үстінен қосатын пайыздары қомақты.
Мәдина Әбілқасымова, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:
- Ондай ұйымдар әдетте 15-20 пайызбен несие береді. Бірақ кейбірі 50 пайыздық мөлшерлемемен жұмыс жасаған. Елімізде бұған дейін 4 мың шағын несие ұйымдары болды. Олардың жұмысына талапты күшейткеннен кейін қазір тек бір мыңнан астамы ғана қалды.
Тақырып өзекті. 30-дан астам сұрақ қойылды. Жиынның өзі 5 сағатқа созылды. Несие беруді жастар үшін мүлдем тоқтау керек деген ұсыныс та айтылды. Бірақ заң бойынша әрі нарықтық экономика талбына сай, бұл - азаматтардың құқығын шектеу болып саналады екен. Ендеше әр адамның қаржылық сауатты болған мыңызды.
Мөлдір Тұрысбекова, қала тұрғыны:
- Өзім кредит алған кезде мүлде пайызына қарамаппын. “Қарызсыз қоғам” жобасы бойынша оқу барысында көптеген мәселені шешіп алдым.
«Жағдайды түзеу үшін мемлекет бірер жыл бұрын жарты млн азаматтың несиесін кешірген болатын. Қазір банкроттық туралы заңа қабылданып, оған өтініш тапсырып жатқандар бар. Бірақ енді Қазақстандықтардың несиесі кешірілмейді»,-дейді мамандар. Мұндай қадам - қайта несие алушылардың санын көбейтеді екен.