Хабар телеарнасы

Ақтауда қандалаға қарсы дәріден уланған жеткіншек ауруханада жатыр

Ақтауда қандалаға қарсы дәріден уланған жеткіншек ауруханада жатыр. «Қыз баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ»,— дейді дәрігерлер. Естеріңізге сала кетейік, кеше күндіз қала тұрғыны пәтеріне 3 құты дәрі шашып, көршілеріне ескертпестен кетіп қалған. Кешкі сағат 9-дан кете жоғары қабатта тұратын бір отбасы мүшелері өздерін жайсыз сезініп, жедел-жәрдем шақыртады. Екі ересек адам мен екі балаға амбулаторлық көмек көрсетілген соң, үйіне жіберілген. Қандалаға қарсы дәрі шашылған мекенжайды эпидемиологтар барып тексерді. Мамандардың айтуынша, ол препаратты жабық ғимаратта қолдануға болмайды. 

Әсима Жарылғасова, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:
-Қандалаға қарсы дәріні тұрғын үйде қолдануға мүлдем болмайды. Одан ауаға улы газ тарайды. Сол себепті оны ауыл шаруашылығы саласында ашық ауада ғана пайдаланады. Соның өзінде химияның әсері күшті. Ал есік-терезесі жабық пәтерде адамға қаншалықты зияны барын ойлай беріңіз.

НАЗГҮЛ ҚИСЫҚБАСОВА КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ОНКОГЕМАТОЛОГ ДӘРІГЕРІ
-Екі бала, яғни 8 жастағы және 5 жастағы бала үйіне кетті. Жалпы жағдайлары қанағаттанарлық олардың. Үшіншісі 13 жаста. Оның да қазіргі кездегі жалпы жағдайы тұрақты. Емін алып жатыр. Жағдайына байланысты бүгін немесе ертең үйіне шығарамыз.