Шахтада қаза тапқан 46-кеншінің дене бөлшектері табылды
Үкімет отырысы бүгін бір минут үнсіздіктен басталды... Әлихан Смайылов бастаған бір топ министр Қарағанды қаласында қаза тапқан кеншілерді еске алды. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Костенко шахтасында 46-кеншінің дене бөлшектері табылғанын растады. 40 адамның аты-жөні анықталса, алтауы әлі танылған жоқ. Сондықтан сараптама жұмыстары жүргізіліп, ДНК талдаулары алынады. Ведомство басшысы тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткенін айтады. 15-тен астам оқшаулағыш бөгеттер мен желдету құрылыстары қирапты. Қазір ашық жану ошақтары жоқ, газ жағдайы қалыпты. Комиссия тексеруге кіріскен.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
-Қазіргі уақытта мемлекеттік комиссияның құрамындағы 7 шағын комиссия құрылып жұмыстарын жүргізуде. Тергеуге Қазақстаннан және шетелдік сараптамалық ұйымдар тартылды. Ауқымды жұмыс күтіп тұр. Себебі бұл Қазақстан шахтасында орын алған ең үлкен қайғылы оқиғалардың бірі.
«АрселлорМиттал Теміртау» компаниясы енді шетелдік инвесторларға сатылмайды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі мәлімдеді. Қанат Шарлапаевтың айтуынша, кәсіпорынды отандық инвесторға беру мәселесі Үкіметте пысықталып жатыр. Алайда бұл қызметкерлер санына да, еңбек шартына да әсер етпейді. Жұмыс әрі қарай да қаз қалпында жалғасады. «Кәсіпорынды мемлекетке қайтаруға бюджеттен бір тиын жұмсалмайды»,— деді министр.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
-«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшысы өзгерсе, компания атауын қолдана алмаймыз. Сондықтан ол міндетті түрде өзгертіледі. Жаңа атауы қандай болатынын қызметкерлермен ақылдасу арқылы шешкен жөн. Кәсіпорын жұмысын әрі қарай да жалғастыра береді. Былтыр оның табысы 3 млн доллар болған.