Алматының екінші жылу электр орталығы газға көше бастайды
Алматыдағы екінші жылу электр орталығы 2026 жылы толығымен газға көшіріледі. Оны қайта жаңғырту жұмыстары 2025 жылы басталады. Сондай-ақ осы энергетикалық нысанда қуаты – 557 МВт бу-газ қондырғысы орнатылады. Бұл туралы қала халқымен кездесуде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты. Оған қоса мегаполистегі бірінші және үшінші жылу электр орталығы да қайта жабдықталып, газға ауыстырылады. Біріншісіне қуаты – 225, ал үшіншісіне – 545 МВт болатын бу-газ қондырғысы қойылып, станцияның ауқымы кеңейтіледі. Мұның барлығы Алматы агломерациясының энергетикалық қуатын айтарлықтай арттырып, қоршаған ортаны ластауды азайтады. «Қазір жылу орталықтарының барлығы қысқы мерзімге толықтай әзір. Қажетті отын қоры жеткілікті», - деді министр.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Алматыдағы барлық үш жылу электр орталығы қуаттылығы артып, газға көшеді. Біз энергетика нысандарының қыс мезгіліне дайындығын тексеріп шықтық. Компания басшылығының жоспарлары, инвестициялық міндеттемелерді қалай орындап жатқандығы осының бәрі айтылды. Барлығы бекітілген кестеге сәйкес жасалуда. Қайта жаңғыртудан соң қуат көзін арттыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда әрбір станция кем дегенде 30-40% қуаттылығын арттырады.