Аймақтарда қызылша дерті өршіп барады
Жетісу облысында биыл 317 адам сырқаттанған. Өткен жылы бір де бір жағдай тіркелмеген еді. Зертханалық талдау барысында 230 тұрғыннан ауру белгілері анықталды. Науқастанғандардың 63% вакцина алмаған әрі 15 жасқа дейінгі бала. «Жеткіншектердің дене қызуы көтеріліп, басы ауырып, жөтел қысқан жағдайда бірден жедел жәрдем шақырту керек»,— дейді сала мамандары. Себебі ағзаға түскен инфекция орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Сонысымен де қауіпті. Қазір мамандар екпенің маңыздылығын түсіндіріп, жаппай иммундауға дайындалып жатыр.
Индира Күнбасова, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
-Жаппай иммундау көзделіп отыр. Бірақ бізде вакцина жоқ. Вакцина осы қараша айында келеді деп жоспарлап отыр. Сол вакцина келгенде біз жаппай иммундауды бастаймыз.
Ал Ақтөбе облысында қызылша жұқтырған 184 науқас ауруханада ем алып жатыр. Олардың 152-і кәмілет жасқа толмаған балалар. Ауруханада орын қалмағандықтан қала маңындағы «Шағала» шипажайынан емдеу орны ұйымдастырылған. Өңірде бүгіннен бастап 6 айлық нәрестелерге қосымша екпе егу науқаны басталды. Барлығы 72 мың 400 балаға вакцина салынуы тиіс.
Еліміздің шығысында да қызылша жұқтырғандар саны артып барады. Жыл басынан бері 56 азаматтан вирус анықталған. Сондықтан қосымша егу шаралары басталды. Бұл инфекцияның өршуі аймақта соңғы рет осыдан 3 жыл бұрын тіркелген.