Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің несиесі өтелді
Костенко шахтасында қаза тапқан барлық 46 кеншінің несиесі өтелді. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы олардың ата-аналарының, жұбайлары мен балаларының да несиелерін жауып берген. Мұны Астанада өткен брифингте Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді.
Қарағанды облысының әкімі елордадағы брифингін апаттан көз жұмған шахташылардың отбасыларына көрсетілген көмектен бастады. Мәселен, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы тарапынан 44 отбасыға отағасыларының 10 жылдық жалақылары төленіп жатыр. Сондай-ақ мемлекеттен де барлық қолдау көрсетілген.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Бұдан бөлек басқа да жан-жақты жәрдем жасалады. Айталық, компания әр отбасыға пәтер сатып алып береді. Баспананың көлемі әр отбасы мүшесіне кемінде 18 шаршы метрден есептелетін болады. Ол бойынша әзірге 7 өтінім қабылданды. Сондай-ақ олардың 18 жасқа дейінгі балаларына сақтандыру төлемдері төленеді.
«Қазір жарылыс болған шахталар қалыпқа келтіріліп жатыр», - дейді әкім. Оған шамамен 2 айдай уақыт керек. Осылайша «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі 8 шахтаның төртеуі ғана жұмыс істеп тұр.
Ал бұл жалпы өнеркәсіптік өнім көлемінің 4,7% төмендеуіне сеп болған. Дегенмен басқа салаларда өсім бар. Мәселен, өндірістік өңірге биыл 641 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Аймақта шағын және орта бизнес те жақсы дамып келеді. Осы жылы олардың қатары 12% көбейген.
Ал жұмысқа жарамды тұрғындардың жартысына жуығы аталған салада еңбек етеді.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Биыл 43 мың жаңа жұмыс орнын аштық. Олардың 11 мыңы – жастар. Осылайша жұмыссыздық деңгейін 4,1% дейін төмендетуге мүмкіндік алдық. Бұл – республика көлеміндегі ең төменгі көрсеткіш.
Қарағандыда кеншілер мен металлургтерге арналған жеңілдетілген ипотека бағдарламасы да бар. Сол арқылы биыл 100 астам жұмысшы баспаналы болған. Ал жалпы аймақ бойынша жыл басынан бері 392 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Өндірістік өлкені ірі инвестициялық жобаларсыз елестету мүмкін емес. Айталық, жақында 2 мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамти алатын 6 өндіріс ошағы іске қосылады. Олардың арасында тұрмыстық техника мен жеңіл автокөліктердің дөңгелектерін шығаратын зауыттар да бар.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Бақытбек Нұртаев