Елімізде 69 есірткі зертханасы жойылды
1 тоннаға жуық синтетикалық есірткі мен 69 жасырын зертхана жойылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі мәлімдеді. Айтуларынша, соңғы 4 айда нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жұмыстары күшейіпті. Нәтижесінде 2775 қылмыстық іс тіркеліп, 3 мыңнан астам есірткі сайты бұғатталған. Есірткі контрабандасының 300 фактісі және 1600 жуық шекарадан өткізу қылмысы әшкереленіпті.
Мамандар құрамында ескірткінің аз мөлшері бар дәрі-дәрмектен аулақ болуға шақырады. Себебі бұл үлкен тәуелділікке алып келеді. Арнайы тексеріс барысында 86 тонна улы заттар мен 7 мың дана дәрі тәркіленген.
Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткіге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:
- Жарнамалық сайттар мен басқа да интернет-платформалар арқылы есірткіні «жасырын» жарнамалауға көшу байқалады. Қоғамдық есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыру мақсатында республика бойынша бірінші тоқсанда 8242 профилактикалық іс-шара өткізілді. Заңссыз құқықбұзушылықтарын жасағаны үшін кәмелетке толмағандарды ұстауға, оларды тоқтатуға ден қойып отырмыз.