Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешілді
Мұны қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Астанада өткен есептік брифингте мәлімдеді. Айтуынша соңғы 4 жылда 101 мектеп пайдалануға берілген. Осылайша қосымша 66 мың орын пайда болыпты. Халық көп шоғырланған оңтүстікте үш ауысымды оқу көп жылдан бері шешімін таппай жүрген мәселе еді. Жаңа білім беру нысандарының 80% жеке инвесторлар есебінен салынған. Бұл жұмыс әлі де жалғасады дейді шаһар басшысы.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:
-«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 28 мың оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарланған. Бүгінгі таңда 12 мектептің құрылысы басталды. Сонымен бірге «Тұран» шағын ауданында 500 орындық оқушылар сарайы салынуда.
Қаланың инженерлік инфрақұрылымы туралы да айтылды. Әкімнің сөзінше тұрғындарды табиғи газбен қамту 96% жеткен. Сондай-ақ қоғамдық көлік жүйесін одан әрі дамыту да басты назар екенін атап өтті. Оған қатысты тұрғындар тарапынан айтылатын сын көп. Соңғы кезде болған резонанстық оқиғалар салада түйіткілді мәселелердің көп екенін көрсетті. Ол бойынша қазір талдау жүргізіліп жатыр деді.